Ақтауда президенттік сайлауға дауыс беру басталды. Таңертеңнен бері қала тұрғындары өздері таңдаған кандидатқа сайлау учаскелерінде дауыс беріп жатыр.
12 шағынаудандағы 27 сайлау учаскесінде Ақтаудың құрметті азаматы Есберген Іңірбай ақсақал азаматтық белсенділік танытып, бүгін таңертең өз таңдауын жасауға келді.
"Азаматтар әділдік, заңның үстемдігі салтанат құрған жаңа Қазақстанды құруға мүдделі. Мен көптеген сайлауға қатыстым және қазір адамдар ерекше белсенді деп айта аламын. Өйткені олар Қазақстанның өркендеуін және адамдардың ертеңгі күнге сенімді болуын қалайды", - деді Есберген Іңірбай.
27-ші сайлау учаскесі сағат 07:00-де ашылды. Мұнда 12 және 16 шағын аудандардан 2483 сайлаушы тіркелген. Негізгі дауыс берушілер легі түскі асқа дейін келеді деп күтіліп отыр. Бүгін ең алғашқы дауыс берушіге "Адай шежіресі» кітабы сыйға тартылды.