Мұнда 15 адам жұмыс істейді, оның 14-і – есту қабілеті нашар даяшылар мен аспаздар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Дәмхананы әлеуметтік кәсіпкер Бибігүл Рамазан ашқан. Бұған дейін ауыл тұрғындарына көмек көрсету қоғамдық қорын басқарған ол Атыраудағы форумдардың бірінде астаналық әлеуметтік кәсіпкерді кездестірді.
«Сол сәтте мен алғаш рет көру қабілеті нашар адамдар мен АСБ(Аутизм спектрінің бұзылуы) бар адамдар жұмыс істейтін шеберханалар туралы естіп, әлеуметтік кәсіпкерлік туралы білдім. Ал 2018 жылы Астанада есту мен сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдар жұмыс істейтін дәмханада болдым. Сол сәттен бастап осындай дәмхананы Ақтаудан ашу ойымнан кетпеді. Өткен жылы күтпеген жерден 29 шағын аудандағы тұрғын үй астында бос тұрған бір коммерциялық нысанның барын, оның әкімдік балансында екенін білдім. Сөйтіп әкімге жоба туралы айтқан едім, ол мені қолдады. Дегенмен әкім маған ғана емес, өзгелерге де қолдау көрсетті. Жанымызда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды, жақын арада арбадағы жандарды бейімдеу орталығы да ашылады. Бұл жерді жарты жылдың ішінде жөндеуден өткізіп, қаладағы бірнеше құрылыс компаниясы қолдау көрсетті»,– дейді Бибігүл Рамазан.
Сұлулық салондарының бірінде Бибігүлдің әпкесі есту қабілеті нашар қызды кездестірген. Ол сол жерде тазалықпен айналысады екен. Қызды көргеннен кейін оған бірден кафеге жұмысқа орналасуды ұсынған.
«Ол сурдоаудармашымен келді - мұндай сәттерде мамандар тағайындалады. Әлеуметтік желіде сурдоаудармашылар мен есту қабілеті нашар адамдар сөйлесіп, араласатын чат бар екен. Соның арқасында мен қызметкерлерді тез таптым. Дәмханада қазір 14 адам жұмыс істейді – олардың барлығы ымдау арқылы сөйлеседі. Ал жалақыларын мемлекет төлейді. Дегенмен еңбегімен көзге түскен қызметкерлерге қосымша жалақы да береміз»,– дейді әлеуметтік кәсіпкер.
Екі жігітке бариста болу үйретілген, ал наубайшыларды үйрету үшін арнайы кондитер де шақырылған. Сонымен қатар мұнда даяшылар, жүргізушілер (есту қабілеті нашар адамдар), әкімші, аспаздар және аспаздың көмекшілері жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер 20 мен 30 жас аралығында. Басым көпшілігінің есту қабілеті туылғалы – нашар.
«Кейбір қызметкерлердің еститін және сөйлейтін ата-анасы бар, ал өзгелерінің бүкіл отбасы есту мен сөйлеу қабілетінен толық айырылған. Тіпті бала кезінде құлап, естуден айырылғандары да бар», – деп түсіндіреді Бибігүл Рамазан.
26 жастағы Айнұр Зәкірдің есту қабілеті нашар. Ол кафеде әкімші, ал күйеуі – бариста. Мұнда екеуі бірге қызмет етеді. Айнұрдың өзі Алматыдан. Қыздың денсаулығына қарамастан, екі мамандық иесі: SMM маманы және визажист.
Ал Станислав Гапановичтің оқиғасы – ерекше. Ақтауда мұндай дәмхананың ашылғанын білгенде, мұнда бос орын қалмаған. Сонда жігіт тегін жұмыс жасауға рұқсат сұрапты. Оның құлшынысын көрген кафе әкімшілігі келісіп, жұмысқа алған. Станиславтың әйелінің де есту қабілеті нашар, олардың кішкентай қызы бар.
Дегенмен бұл кафеде тапсырыс беру үшін ымдау тілін білудің қажеті жоқ. Келушілер мәзірден қажетті тағамдарды таңдап, даяшыға көрсетеді. Ал ол тапсырысты жазып алады және оны растау үшін келушілерге жазбаны көрсетеді.
«Барлығы жұмысқа енді орналасқанда біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген ұғым болған жоқ. Бірақ біз команда туған күндерді бірге атап өту, тимбилдинг секілді түрлі іс-шаралар өткізіп, ұжымды жақындастыру үшін барлығын жасадық, тіпті, ымдау тілін өзіміз де үйрендік. Ал қазір мен олармен мақтана аламын. Бір-бірін шын қолдап, арқа сүйей алатындай деңгейге жеттік», – дейді Бибігүл Рамазан.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында есту қабілетінен айырылған 1120 адам бар. Бибігүл Рамазанның жаңа жоспары – жетерлік. Ол аймақтағы мұнай компанияларының бірінің қолдауы арқылы есту қабілеті нашар әйелдер жұмыс істейтін тігін цехын ашуды жоспарлап отыр.