«Лидер KZ» еріктілер қозғалысының белсенділері облыстағы қызмет көрсетуші компаниялар және қауымдастықтар өкілдерімен бірлесіп, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарына рейд жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Рейдтің негізгі мақсаты – жобаның дұрыс әзірленгенін, нормативтік құжаттарға сәйкестігін тексеру. Сонымен қатар мемлекеттік сараптамадан өтті ме, монтаждау жұмыстары жоба бойынша жүргізілгенін анықтау. Бұл ретте тұрғындарды "Мұны кім ретке келтіруі керек?" деген сұрақ толғандырды.
- Егер іргелес аумақта балалар алаңы орнатылса және бұл аумақ кондоминиум объектісіне жататын болса, онда ойын алаңдарына қызмет көрсетіліп, ортақ мүліктегі үлес ретінде ұстау ауыртпалығын меншік иелерінің өздері көтеруі тиіс. Бірақ, егер бұл жалпыға қолжетімді аумақ болса, яғни кондоминиум объектісіне кірмейтін болса, онда оның сақталуын жергілікті атқарушы органдар қадағалап отыруы керек, - дейді Маңғыстау облысының басқарушы, сервистік компаниялар және бірлестіктер қауымдастығының өкілі Айтуар Қарағұлов.
Тексеру әр сенбі және жексенбі күндері өтеді. 3-5 волонтер балалар мен спорт алаңдарын аралап, олардың жағдайын фото, видеоға түсіреді. Аталған материалдар құзырлы органдарға жолданады.
– Ойын алаңдарының техникалық жағдайы нашар, кейбір «элементтері» жоқ. Кесілген арматуралар жерден «шығып» көрініп тұр. Бала шалынып, жарақат алуы мүмкін. Мойынтіректер, шынжырлардың сапасы да көңіл көншітпейді. Ойын элементтері - үйлер мен әткеншектер ескірген, сонымен қатар балалар объектілерін орнату технологиясында бұзушылықтар бар. Футбол алаңдарындағы еден төсеніштері тозған, – дейді еріктілер қозғалысының жетекшісі Давид Миникаев.
Бұл жұмысқа Ақтау қаласының тұрғындары да қосыла алады. Ол үшін мекенжай мен фотоларды волонтерлар қозғалысының WhatsApp нөміріне 87004997292 жіберуі тиіс.
– Тұрғындар бізге өтініш жібере алады, яғни нысанның мекенжайын жазып, фотосуреттерін жіберуі керек. Тиісінше, волонтер немесе үйлестіруші барлық қауіпті учаскелер бойынша мәліметтерді жинап, кейін тиісті органдарға, әкімдікке, тұрғын үй басқармасына шешім қабылдау үшін береді, - дейді еріктілер.
Әсел Қанширова