Маңғыстауда "ТАЗА ТАБИҒАТ" экологиялық акциясы өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен облыста 21 наурыз мереке қарсаңында «Таза табиғат» экологиялық акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысымен бұл игі іс-шара сәуір айының соңына дейін жалғаспақ.
Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жанашырлығын арттырады. Облыста экология проблемаларына бейжай қарамайтын, осындай шараларға белсенді қатысатын азаматтар санының көбеюі бәрімізді қуантады.
Ақтау қаласы бойынша 21 наурыз сағат 9:00-ден бастап, «Әбіш Кекілбайұлы» музейінің аймағына ел ағалары мен жасөспірімдер арнайы ғылыми орталықтың көмегімен ағаш отырғызады.
Сонымен қатар, теңіз жағалаулары, мен елді мекен айналасын бей-берекет шашылған қоқыстардан тазартуға барлық мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар атсалысады.
Осыған байланысты, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мерекелік іс-шараға барлық облыс тұрғындарын өз аулаларын күл-қоқыстан тазалалауға, ағаш отырғызуға, айналаны гүлдендіруге және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақырады.
Аталмыш шараны Маңғыстау облыстық экология департаменті, "BAYTAQ" Жасылдар партиясы Маңғыстау облыстық филиалы және "EcoJer" қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесі қолдайды және сенбілікке белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.