Ақтаудағы Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінің ақпараттық насихаттық тобы «Ұлттық ұлан – патриотизм мен ерліктің мектебі» атты акция аясында жастардың рухы мен жігерін арттыру мақсатында, Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданы Құрық ауылындағы №1,6 және Құрық орта мектеп гимназиясының 10 және 11 сынып оқушыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақпарат-насихаттық тобының негізгі мақсаты - елді-мекендердің тұрғындарына, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ететін Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметі мен әскери дәстүрін дәріптеу болып отыр. Сондай-ақ, еліміздің отыз екі жыл ішінде әр салада жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерін баяндап, жастардың ел болашағына деген сенімін арттыруға бағытталған.
6656 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік –құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Асқар Мауғазин оқушыларға Ұлттық ұланның құрылу тарихы мен атқаратын жауынгерлік міндеттері туралы жеткізді. Содан кейін оқушылардың назарына Ұлттық ұлан туралы бейне фильм көрсетіліп, әскери оркестрдің шағын концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Шарада шырқалған патриоттық әндер мен айтылған жалынды сөздер жиналған жоғарғы сынып оқушыларының рухын көтеріп, жүрек түкпірінде жатқан Отанға деген асқақ сезімді тулата түсірді.
Оқушыларға әскери қызметтің абыройлылығын түсіндірер кітапшалар, газет-журналдар, әскери бөлімшелердің тыныс-тіршілігімен таныстырар суреттер оқушылардың назарына ұсынылды.
“Осындай,тағылымды шаралар нәтижесінде жастардың әскери өмірге деген қызығушылықтары артып, алдағы уақытта әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ынта білдірушілер мен әскери оқу орындарында білім алғысы келетіндер қатары көбейетініне сеніміз мол”, - дейді аталған әскери бөлімнің капитан Әубакир Ертуған.