Ақтауда Қазақстанда баламасы жоқ әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлерін даярлауға арналған оқу-жаттығу кешенін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңа кешен қандай болады және оның ерекшелігі неде бұл жайлы орталықтың таныстырылымында айтылды. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай, Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов, Әскери-теңіз базасының командирі, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары екінші дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен орталық қызметкерлері қатысты.
Сүңгуірлерді дайындайтын оқыту кешені Қазақстанның инженерлік әлеуетін және қорғаныс күшін көтеру мақсатында салынып жатыр. Сондай-ақ, мамандарды суда еркін жүзуге үйрету және суда қорықпай жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделген.
-Бұл кешенде сүңгуірлер теориялық және практикалық тұрғыда дайындықтан өтеді. Кемені бақылап, құрылғылармен дұрыс жұмыс істеуді көрсетеміз. Сүңгуірлер толқынға қарсы жүзуді үйреніп, су астында жаттығулар жасайды. Тереңдігі 5 метр бассейнде олар құтқару жаттығуларын орындайды, - деді жобаның бас инженері Төлеген Жәрдем.
Нысанның құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. Учаскенің ауданы 10 га құрайды. Жоба құны 2,2 млрд теңге. Кешен 12 жылдан бері кеме жөндеу және кеме жасау қызметін көрсететін «Кеме жабдықтары және сервис» компаниясының жеке инвестициясы есебінен салынуда.
Компания директоры Дмитрий Донских кешенде ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілерін даярлауға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
-Құрылыс барысында өз елімізден шығатын материалдарды қолдандық. Ал өзге технологиялар мен техникалар шет елдерден сатып алынды, - деді компанияның бас директоры Дмитрий Донских.