Ақтауда 73 көп балалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көп балалы аналардың 17-сі «Алтын алқа», ал 56-сы «Күміс алқа» алды. Шарада қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, аналарға жылы лебізін білдірді.
Аналардың тек өз отбасында емес, қоғамда алатын орны ерекше. Себебі келер ұрпақтың саналы тәрбие алуын қамтамасыз ететін тұлға – ана. Ардақты, аяулы аналар қашан да құрметке лайық. Еліміздің демографиясына қосқан үлестеріңізге алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Көп балалы аналар да өз алғысын жеткізді. Солардың бірі Роза Телешова. 6 баланың анасы бүгінде Маңғыстау облысы ауданаралық экономикалық сотының бас маманы болып қызмет атқарады.
Көп балалы аналарға осындай құрмет көрсетіп отырған Ақтау қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Барлық аналарға зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Балаларымыз аман, еліміз тыныш болсын!, - деді «Күміс алқа» иегері Роза Телешова.