Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев шаһардың көгалдандыру және санитарлық тазалыққа жауапты мекеме қызметкерлеріне шаһардың 60 жылдығына арналған мерекелік медаль табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның ішінде «Green City» ЖШС, «Компания Строй Инвест 2020» ЖШС, «Ақжол+К» ЖШС және «Ақтау тұрғын-үй» МКК-нің 80-ге жуық қызметкері марапатқа ие болып отыр.
«Тазалық - тазаланған жерде емес, таза ұстаған жерде. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау - біздің ортақ ісіміз. Осы орайда сіздердің атқаратын еңбектеріңіз зор. Қаламыздың тазалығы мен көгалдандыруына қосып жүрген үлестеріңізге алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еңбектеріңіз жана берсін», - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Өз кезегінде сала қызметкерлері де қала әкіміне өз алғысын жеткізді. Солардың бірі «Ақжол+К» мекемесінің қызметкері Дариға Байдашова. Ол екі баланың анасы. Осы салада жұмыс жасап жүргеніне 15 жыл болған.
«Қаламыздың санитарлық тазалығының сақталуы тек менің ғана емес, барлық ұжымның ортақ еңбегі деп білемін. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Ақтау қаласы әкімдігіне ерекше алғысымды айтамын. Қарапайым жұмысшылардың еңбегін елеп құттықтағандарыңызға рақмет», - деді Дариға Байдашова.
Сонымен бірге, қала әкімі «Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының» қызметкерлерін облыстың және қаланың мерейлі мерейтойымен құттықтап, мерекелік медаль табыстады.