Ақтауда «Жылдың үздік студенті» арнайы жобасы аясында «Жұлдызды кеш» ән байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Байқауда қатысушылар жанды дауыста патриоттық ән айтты. Ал екінші кезеңде еркін тақырыпта ән орындап, бақ сынады.
Өнерпаздарға Абай мәдени демалыс кешенінің «Моэстро» ансамбілінің жетекшісі, ұстаз Айман Берікбаева, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Камшат Ізтелеуова мен «Ақтау» студенттер Альянсы студенттер ұйымының көшбасшысы Алина Шапхатова әділ баға берді.
Байқау нәтижесінде 1-орынды Жаңаөзеннен келген Мөлдір Бақытқалиева алды. Ал жүлделі 2-орын Маңғыстау өнер колледжінің 2-курс студенті Нұрбол Абдулла алды. 3-орынды Мұрын Жырау Сеңгірбекұлы атындағы жағары педагогикалық колледжінің студенті Ақтоты Абылқызы қанжығаға байлады.
Қазылар алқасы өнерпаздарды құттықтап, алғыс хатпен марапаттады. Жүлделі орын иегерлері «Жылдың үздік студенті» облыстық байқауына жолдама алды.
Айта кетейік, аталған шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер Альянсы» өткізді.