Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов Ақтауда "суға түсу" рәсімі 4«А» шағынауданында орналасқан «Бриз» яхта-клубының бойындағы жағалауда өтетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар департаментінен 73 қызметкер, 23 бірлік техника бөлінбек. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері арнайы қадағалайды. Іс-шара өткізілетін жерде қауіпсіздік бекеттері мен жедел-құтқару жасағының жеке құрамы қызмет көрсететін болады.
-Тұрғындар қауіпсіздік шараларын барынша сақтауы тиіс. Суық суға түспес бұрын, жылынып, физикалық жаттығулар жасау керек. Сондай-ақ, сүлгі, құрғақ қиімдер және термосқа ыстық шай дайындап алып келгені жөн. Алкогольді ішімдік ішіп суға секіруге тыйым салынады, - деді Нұрлыбек Айжарықов.
Ол тұрғындарға жедел түрде қажетті көмек көрсете алу үшін құтқарушылар, дәрігерлер, полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған арнайы орындарда суға түсу керектігін айтты.
Брифинг барысында Благовещенск приходы Орал Епархиясының басшысы Александр Пушин діни мейрамның маңыздылығын атап өтті.
-Жылда бұл мереке қаңтардың 19 күні атап өтіледі. Православ христиандары крест батқан суға түседі. Бұл барлық күнәдан тазарудың бірден бір жолы, - дейді Александр Пушин.
Дегенмен, Александр Пушин қыста суға түсу үшін ағзаның дайын болуы керектігін айтты. Егерде денсаулығыңыз қандай да бір сыр беріп жүрген болса, дәрігермен ақылдасқан жөн. Себебі, мейрамның соңы трагедияға айналмағаны абзал.