Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Ақтау теңіз сауда портына халықаралық мәртебе беру туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ҚР Үкіметі қаулы етеді:
1. Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесін беру.
2. «Ақтау теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып қайта аталсын.
3. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізілсін», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.
Министрлік дерегінше, бұл бастама еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мақсатында қолға алынды.
«Жоба Мемлекет басшысының жаңа геосаяси жағдайларда Қазақстан Республикасының көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселесі туралы 2022 жылғы 5 шілдедегі кеңестің қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Осы жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деп Үкімет қаулысына Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі түсіндірме берген.
Құжат 27 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшкін Премьер-Министрге жолданады.
Еске салайық, 2018 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтау теңіз сауда порты халықаралық мәртебеге ие болды. Кейін Үкімет қаулысымен ол алынып тасталды.