Өмірзақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Балтілеу тұрғындармен тоқсандық кездесу өткізді. Жиынға Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов те қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өмірзақ ауылы тұрғындарымен кездесуде ауыл аумағын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, спорт пен мәдениет жəне әлеуметтік бағдарлау саласындағы мәселелер сөз болды. Сондай-ақ ғаламтор желісімен қамту, кәсіпкерлік өрісін кеңейту жəне ауыл шаруашылығын дамыту бойынша түйіткілді сауалдар талқыға түсті.
Кездесуде тұрғындар сауалдарын жолдап, тиісті мамандардан жауап алды. Мәселен, Приозерный елді мекенінің тұрғыны Серік Семсеров №22 орта мектеп алдындағы аялдама жанынан балалардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолағын сызып, жылдамдықты тежейтін кедергі орнатып беруді сұрады.
Тұрғын сауалына Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов жауап беріп, ауыл әкімі мен бөлім басшысына тапсырма берді.
-Көтерген мәселеңіз дұрыс. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін жаяу жүргіншілер жолағы қажет. Ауыл әкіміне және Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына аталған мәселені назарға алу бойынша тапсыра жүктеймін,- деді Ербол Ізбергенов.
Жиын барысында тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін де көтерді. Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов облыс автопаркі жыл соңына дейін 120 қоғамдық көлікпен толығатынын айтып, оның 70-і қала маршрутына тиесілі екенін жеткізді.
-«Маңғыстау облысының аудандары мен Ақтау қаласының автобус паркі қызметін ұйымдастыру» бағдарламасы аясында қала тұрғындары мен қонақтарына жолаушылар тасымалы саласында сапалы қызмет көрсетуге баса назар аударылды. Қалалық қолданыстағы маршрут №3, №5, №4м, №7 автобустарын жаңартуға және жаңа бағыттағы маршруттарды №1, №6, №8, №9 іске қосуға жалпы саны 70 автобус сатып алу көзделуде, деді қала әкімі.
Кездесуде Приозерный-1,2,3 және Приморский тұрғын-үй массивтеріндегі көшелердің атауын өзгерту туралы мəселе қозғалды.
-Приморский, Приозерный-1,2,3 тұрғын-үй массивтерінің атауын және Приморский тұрғын-үй массиві көшелерінің атауын өзгерту, Рауан тұрғын-үй массивінің нөмірленген көшелеріне атау беру бойынша Маңғыстау облыстық ономастикалық комиссияның қарауында оң шешімін тапты. Қазіргі таңда Ақтау қалалық қоғамдық кеңес отырысының қарауына жолданды,- деді Өмірзақ ауылы әкімінің м.а Ғалымжан Балтілеу.
Сонымен қатар, Өмірзақ ауылына қарасты «Ақтау тұрғын үй» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміндегі 35-шағынауданда орналасқан жатақхана ғимаратына жөндеу жұмыстары басталғаны туралы айтылды. Ғалымжан Балтілеудің айтуынша, 35-шағынауданда орналасқан жатақханада ғимараттың дәліздері боялып, есіктері қалпына келтіріліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Кездесуден соң қала әкімі тұрғындардың жеке мәселелері бойынша өтінішін тыңдап, жауаптыларға тапсырма жүктеді.