Ақтау қаласының прокуроры Ержан Тұрмағамбетов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға арналған кездесу өткізіп, шағын бизнес мүддесін қорғауға бағытталған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпкерлерлікті қолдау мен оларға қатысты тексерулер бойынша бірқатар жайттарды алға тартқан қала прокуроры кәсіп иелерінен бөлек, жұмыссыз маман иелеріне нақты көмек беретінін атады.
«Кәсіпкерлерге прокуратураның есігі қашанда ашық. Олардың барлығына біздің заң тұрғысынан кеңес беріп, құқықтарын қорғап жүрміз. Осы мақсатта анонимдік сауалнама өткізбекпіз. Барлық мәселелер бойынша ашық жұмыс істейміз. Бізге үнемі кәсіпкерлер келгенде олардың мәселесімен танысып, тиісті орындарға жолдап, көмек көрсетеміз. Қазір шағын бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл орайда прокуратура оларды тексермегенімен, түрлі бағыттар бойынша құзырлы орындардың кәсіпкерлікке қатысты тексерген жұмыстарын қадалап отырады», - деді Е.Тұрмағамбетов.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздеріне салынатын айыппұлдарға қатысты ұсыныстарын білдірді. Мәселен, тұрғын үй нысандарына келетін судың бағасы тиісті төлемнен екі есе жоғары болатын жайттар көп кездесетін көрінеді. Сондай-ақ, жеке сектордағы үйлердің тұрғындары сауда үйлерінің қоқыс жинайтын орнына пайдаға аспаған қалдықтарын тастап кететін жайттардың жиі кездесетінін атады.
Өз кезегінде қала прокуроры кәсіпкерлерге өз мүмкіндігін кеңінен пайдалану туралы кеңес беріп, өңірде қажеттілігі жоғары сала бойынша жұмыс істеуге ұсыныс білдірді.