Ақтау әкімі қаланың нәзік жандыларына тосын сый жасады. Мереке қарсаңында Ербол Ізбергенов қала көшелеріне шығып, қыз-келіншектерді келе жатқан мерекелерімен жеке құттықтап, кездесуге барғандардың барлығына қызғалдақ гүлін сыйлады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Құрметті әйелдер, көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Үйіңізден шаттық арылмай, шаңырақтарыңыз жылуға толы болсын. Ең бастысы, дендеріңізге саулық тілеймін. Құлпырып, жайнап, жақсылыққа ұмтыла беріңіздер, – деді қала әкімі Ербол Ізбергенов.
Сонымен қатар, қоғамдық көлік кондукторлары да назардан тыс қалған жоқ. Гүл шоқтарына ие болған арулар қуанып, жылы тілектерін де білдірді.
-Бүгін әкімді көруім – тосын, әрі күтпеген сый болды. Қала әкімі өзі құттықтап, гүл шоқтарын бергеніне рахмет. Барша қыз-келіншектерді мерекемізбен құттықтаймын, – деп бөлісті Ақтау қаласының тұрғыны.
Айта кетейік, ертең, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Мерекеге орай нәзік жандылар Ақтау қалалық қоғамдық көліктерінде No2, 3а, 3б, 4, 4М, 5, 7, 8 тегін жүре алады.