«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты материалдық - техникамен қамтамассыз ету базасында 8 – Наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында әскери қызметшілердің жұбайлары арасында «Отан отбасыдан басталады» тақырыбында байқау өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайыс 5 кезеңнен құралып, жас келіндер өздерінің таныстыруларын ұсынды. Ұлттық киімдер бір қатарын көрсетті, зияткерлік, әскери киіміне ақ жағасын тігу, аспаздық және шығармашылық байқауларға қатысты.
– Еліміздің ертеңін тәрбиелейтін аналар, келіндер «Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сол себептен ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын олардың бойына сіңіріп өсіру – басты мақсатымыз. Сондықтан осы байқауда жұбайларымыз, келіндеріміз көп біліп, білімдерін көтереді деп ойлаймыз, – деп атап өтті әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Қайрат Орынбеков.
Байқауға қатысушы сұлу келіншектер, өздерінің аспаздық шеберліктерін, өнерлерін, сонымен бірге қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы білімдерін көрсетті. Қатысушы қыздар барлығына дайын екендіктерін дәлелдей білді. Әділқазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін жоғары бағалады. Әрбір қатысушы келіншек, мақтау грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлдені және «Super Keліншек» атағын, өртке қарсы және құтқару жұмыстары командасының бөлімше командирі кіші сержант Асылбек Арепбаевтың жұбайы Ақжарқын Айдынбаева жеңіп алды.
Байқау соңы әскери бөлімнің ер азаматтары нәзік жандыларға тарту ретінде дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.