Ақтау әкімдігінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» ұйымдастыруымен қаладағы құрылыс салушы компания өкілдерімен жиын өтті. Жиналыста «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» кепілдік беру тетіктері туралы сөз қозғалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компанияның мәліметіне сәйкес,«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдігі тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдік беру, нысан құрылысын аяқтау бойынша міндеттеменің болуына байланысты үлескерлердің қаражатын 100% қорғау және сақтау, инжинирингтік компания арқылы нысан құрылысының барысын бақылау және кепілді жағдай туындаған кезде нысанның құрылысын аяқтауға көмектеседі.
- Кепілдік беру ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңының аясында үлескерлердің құқықтарын қорғау үшін өте маңызды. Егер тұрғын үй құрылысын жүргізген кезде құрылыс салушылардың «Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясының» кепілдігі бар болса, белгілі бір себептерге байланысты құрылыс тоқтап қалған жағдайда «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» қаражаты есебінен үлескерлер өз ақшасын қайтара алады. Осы уақытқа дейін Ақтау қаласы бойынша «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының» кепілдігі бар бір құрылыс салушы компания болды. «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдік беру нарығында 7 жылдан бері жұмыс істейді. Осыған дейін компания 233 нысанға кепілдік берді. Қазіргі уақытта портфельде 59 нысан бар,- деді «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» заңды тұлғалармен жұмыс департменті директорының орынбасары Әсел Нұржанова.