Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов пен Түмен облысының инвестициялық саясат және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаменті Инвестициялар, ілгерілету және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Александр Горлатовпен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Түмен мұнай-газ кластерімен әріптестік мәселесі, сондай-ақ аталған облыс пен Ақтау қаласының сауда-экономикалық қатынастарын нығайту мәселесі қозғалды.
- Түмен облысының ресми өкілімен кездесіп, екіжақты байланыс мәселесін талқыладық. Александр Горлатовтың жұмыс сапарының басты мақсаты - Түмен облысының мүмкіндіктерімен таныстыру және жалпы байланыс орнату. Кездесуде туризм, медицина, университеттермен келісімшарт, тәжірибе алмасу жайында ұсыныстар айтылды, - деді Әбілқайыр Байпақов.
Ал Александр Горлатов іс-сапарының басты мақсаты - екі тарапқа да тиімді шешімдерге келу және аталған салалардағы әріптестікті нығайту екенін атап өтті.