Кеше белгілі қоғам қайраткері «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Сағын Қырымқұловтың 80 жас мерейтойы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Саналы ғұмырын елдің болашағына жұмсаған геолог, жер қойнауының құрметті барлаушысы Сағын Ерқасұлының мерейлі кешіне еліміздің әр аймағынан алаштың ардақты азаматтары, мәртебелі меймандар келді. Сағын Ерқасұлы лауазымды қызметтер атқара жүріп, өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
Мұнай-газ саласына жергілікті кадрларды көптеп тартып, мұнайшылардың еңбек және тұрмыс жағдайларын жақсартуды жолға қойды. Білгір маман, қабілетті ұйымдастырушы өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізді. Осы арқылы Қаламқас, Жетібай кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттырды.
Облыс халқы атынан мерейтой иесін облыс әкімі Серікбай Трұмов арнайы құттықтап, Маңғыстау халқының ыстық лебізін жеткізді.
Алғашқы еңбек жолын моторшыдан бастап, бүгінде ел мақтанышына айналған Сағын Ерқасұлының мерейтой кеші салтанатты шарамен жалғасын тапты.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН