Кеше Ақтау қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен “Ашық диалог” пікір алмасу алаңының екінші отырысы өтті. Дөңгелек үстелде шағынауданішілік жолдар,балалар ойын алаңдары және қоғамдық көлік мәселелерін талқылауға арналды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа Ақтау қаласы әкімінің орынбасары С.Гусман, қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құбашев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары А.Таубаев қалаға коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналғандар тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде қоғамдық көліктерде жол жүру ақысының өсуі сөз болды. Ақтау қаласы мәслихатының 12.12.2019 жылғы шешімімен наурыз айынан бастап қалада жол жүру ақысы 70 теңгеге көтеріледі. Жол жүру ақысының көтерілуімен қатар, барлық қоғамдық көліктерде электронды төлеу жүйесі (валидаторлар) енгізіледі.
Биыл қаланының ішкі шағын аудан ішілік жолдарына шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жасауға 91 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, 9 балалар ойын алаңы мен 7 спорт алаңы жөнделеді. Бұдан бөлек, NCOC компаниясының демеушілігімен қаланың 10 шағын ауданын (2, 5,6,7,8,12,13,26,27,28) абаттандыру жоспарланып отыр.
Жиын соңында С.Гусман қала әкімдігі өзекті тақырыптарды қашанда «Ашық диалог» алаңында талқылауға дайын екенін жеткізді. Дөңгелек үстел қатысушылары көтерілген мәселе бойынша жеке-жеке пікірлерін айтып, сұрақтарына жауап алды.