Жыл өткен сайын көлік апатынан көз жұмғандар саны өсумен келеді. Бұның бәріне кінәлі жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы дер едік.
Ақтау – Форт-Шевченко тас жолының 19 шақырымында көлік апатынан 2 адам қаза тауып, 2 адам жансақтау бөліміне түсті. Ал қайтыс болғанның бірі – 35 жасар қыршын жас, екіншісі елудегі әйел адам екен.
Сондай апат салдарынан жаңаөзендік 45 жасар әйел жарақат алып, облыстық ауруханада жатыр. Ал Ақтау әуежайына апаратын автожолда көлік аударылып, 1 жасөспірім қаза болып, 3 жас жігіт жарақат алды.
Қызылтөбе – Батыр жолындағы көлік апатына ұшыраған 6 адамның 3-еуі қайтыс болды. Бәрі де – 35 – 40 жас арасындағы жас адамдар. Тірі қалған жігіттің екеуінің басы жарылып, аяқ-қолы сынып, аурухана төсегіне таңылды. Ал олар мінген көлік өртеніп, жолаушылардың көз алдында жарылған.
Осындай орны толмас апат Ақтау – Қаламқас тас жолы бойында да болып, 2 көліктің соғысу салдарынан Ақшұқыр ауылының 1973 және 1976 жылдары туған 2 тұрғынының өмірі үзілді.
«Туғалы бері Қызылорда қаласында тұрып келемін. 2014 жылы тұрмыс құрып, 2015 жылы жолдасым Маратпен еңбек демалысында бой сергіту үшін Алматыға бет алғанбыз. Өмірімді 360 градусқа өзгерткен сол апат 29 тамыз күні болды. Мен апаттан соң есту қабілетімнен толық айырылдым. Негізі құлағым сау, тек дауыс беруге жауапты нерв талшықтары ауыр зақымданған. Дәрігерлер 4-деңгейлі нейросенсорлы кереңдік диагнозын қойды. Осы қорқынышты диагнозбен күрескеніме де бес жыл болыпты.
Құлағы естімеген адамдар кейін тілден де айырылады. Мен барымды салып, жігерімді жанып, ең болмаса тілімді жоғалтпайын деген оймен бүгінге дейін сөйлеп келдім. Бірақ ауру өз дегенін істейді. Екі айдан бері мүлде сөйлей алмай, тас керең болып қалдым. Он айлық ұлымның іңгәлағанын ата-анамның айналғанын есту маған арман боп барады», – деп жазды көлік апатынан ауруға душар болған Айман әлеуметтік желідегі парақшасында.
Соңғы кезде көлік жүргізушілердің қателігінен жас жаны қиылып, аяқ астынан өмірден өтіп жатқандар көп. Осындай орны толмас қасіретке ұрындыратын жауапсыз жүргізушілер жазасыз қалмауы керек. Ал бұндай қауіптің алдын алу шаралары, жол полициясының қырағылығы – адам өмірін сақтап қалудың тағы бір жолы.
Үміт ЖӘЛЕКЕ