Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Кенжеболат Көшекбаев мәлім етті.
- Мемлекет басшысының тариф құрудың ашықтығын қамтамасыз ету және табиғи монополистердің тауарлары мен қызметтеріне бағалар және тарифтердің көтерілуіне қарсы күресті күшейту тапсырмаларын орындау мақсатында жол картасы қабылданды. Бұның аясында БАҚ-пен бірлесе коммуналдық қызметтерге тарифтерінің өзгеруіне байланысты түсініктемелік жұмыстар жүргізу тапсырылды. Біздің департамент Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополия саласында және қоғамдық маңызы бар нарықтарда мемлекеттік бақылау мен реттеуді жүзеге асырады. Бүгінгі таңда тарифтер бұрынғы қалпында. 2019 жылдың желтоқсанында департаментке «AllianceEnergoSnabAқтау» ЖШС Маңғыстау облысы бойынша филиалынан Ақтау қаласы және Мұнайлы аудандарының тұтынушыларына электр энергиясының тарифін көтеру туралы өтініш түскен болатын. Халық үшін 5 пайызға, заңды тұлғалар үшін 15 пайызға көтеруді ұсынған. Алайда департамент тариф өсіруге ешқандай негіз жоқтығын алға тартып, тарифтерді өзгеріссіз қалдырды. Сондай-ақ 2019 жылы желтоқсанда реттелетін жылу және сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтер «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС және «Өзен жылу» МКК үшін бекітілді. Бұл аталған субъектілердің тұрғындары үшін тарифтер 2019 жылдың деңгейінде өзгеріссіз қалды. Департамент коммуналдық қызметтерге тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, тарифтерді төмендету жұмыстарын жалғастыра беретін болады, – деп атап өтті Кенжеболат Қуандықұлы.
Оның сөзін қостаған Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман коммуналдық тарифтер облыс пен қала әкімшіліктерінің жіті назарында тұрғанын айтты. «2020 жылы коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеру қарастырылмаған. Облыстық және қалалық әкімшіліктері Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, халық үшін маңызды әрі өзекті мәселеге бейжай қарамай, ұдайы бақылауда ұстап отыр», – деді ол.
Ханым ҚУАТ