17 қараша күні ауыл оқушыларына арналған «IQanat» олимпиадасының 1-кезеңі аяқталды. Оған облыстағы бес ауданнан 2 077 және Жаңаөзен қаласынан 640 оқушы қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бірінші кезең барысында жеңімпаздар келесі - облыстық кезеңдерге іріктеледі. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары 2023 жылдың жазында елордада өтетін ақтық сынға жиналады.
Ақтық сынға өткен барлық балаға олимпиададан кейінгі қолдаудың 3 жылдық бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетілетін болады. Оған ҰБТ-ны сәтті тапсыруға дайындық, үздік қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу және ең бастысы ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша курстар: көшбасшылық және IT дағдылар, (өзіндік)- мотивация, сыни ойлау, функционалдық сауаттылық және тағы басқалары кіреді.
Соңғы бес жылда іріктеу форматы өзгерді. Биыл тестілеу пәндік білім бойынша емес, қабілеттерді анықтау бойынша жүргізілді. Тестілер логикаға, математикалық және кеңістіктік ойлауға, оқу сауаттылығына құрылған. Жеңімпаз болу мүмкіндігі мектепте үздік оқитындарға ғана емес, барлығына беріледі.
IQanat - ауыл балаларына шексіз мүмкіндіктер ашып, олардың өмірін түбегейлі өзгертетін қазақстандық кәсіпкерлердің білім беру жобасы. 2017 жылдан бастап олимпиада 227 мыңнан астам ауыл оқушысын қамтыды.
Жоба ауыл мектептерінің жүздеген түлегін ЖОО-ға түсуге дайындады және Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсуге көмектесті. Қордың қызметі туралы толық ақпаратты @iqanatkz инстаграм парақшасынан немесе telegram желісінде @iqanatkzz арнасынан алуға болады.