Каспий теңізіне өндіріс аумағынан ағып жатқан қызыл түсті суға қатысты Маңғыстау облыстық Экология департаменті тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұған дейін mangystaumedia.kz Ақтауда «Солдатский» жағажайы аумағында теңіз суының қызыл түске енгені туралы жазған. Кейін әлеуметтік желіде аталған жағдай туралы бейнежазба кеңінен таралды.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары канал арқылы теңізге ағып жатқан қызыл судың сынамасын алып, зерттеуге жіберілгенін жеткізді.
«Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары жедел түрде оқиға орын алған жерге барып, арна бойындағы ластану аймағына шолу жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында № 1 ТЭЦ Каспий теңізіне шығаратын құбырының көзінен, "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС арнаға төгу көзінен және «Каспий су тұщыту зауыты» ЖШС төгінді құбыры көзінен су сынамалары алынды. Алынған сынамалардың нәтижелері бойынша «Опреснительный завод Каспий» ЖШС-нің ағызу құбырының көзінен және № 1 ТЭЦ Каспий теңізіне шығаратын құбырының көзінен алынған сынама құрамында темірдің және фосфаттың, мыстың артық мөлшері анықталды», - деді экология департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір анықталған деректер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті шаралар қабылданған. Алда атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы қосымша хабарланбақ.