Ақтауда "Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы" ЗТБ ұйымдастыруымен Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қаржылай қолдауымен "Жергілікті қоғамдық пікір көшбасшыларының мектебі" 3 айлық оқыту бағдарламасы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіби бағдарлама аясында жергілікті қоғамдық пікір көшбасшылары "Мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік бюджеттің мониторингі", "Адвокаттық науқанды өткізу", "Әлеуметтік желілермен жұмыс" және өзге де практикалық тақырыптар бойынша білімін жетілдіреді. Жобаның басты мақсаты - жергілікті қоғамдық пікір көшбасшыларының пулын құру арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы әріптестікті нығайтуға ықпал ету.
"Жоба аясында қоғамдық бақылау бағытында халықаралық тәжірибесі зор және еліміздегі танымал эксперттер дәріс оқиды. Үш ай оқу бағдарламасын тәмамдаған қатысушылар үшін шағын гранттар ойнату мүмкіндіктері қарастырылған",-деді Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы" ЗТБ төрайымы Жібек Ахметова.
"Сіздер қоғамдық пікір көшбасшысы ретінде өңірдегі өзекті мәселелер жөнінде жергілікті билік өкілдеріне дәйекті мағлұмат беріп, мәселелердің оң шешімін табуға септесіп жүрсіздер",-деді Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәдениет жөніндегі атташе орынбасары Джон Орак.
Тренингтің алғашқы күнінде «Әділдік Жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смагулов ҚР мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау жасаудың практикалық құралдары, соның ішінде электрондық порталдар, БАҚ пен әлеуметтік желілерде нәтижелерді ілгерлету тақырыбында тренинг өткізді. Бұдан бөлек эксперттер қатарында бюджет және қаржы саласындағы сарапшы, «Zertteu research institute» қоғамдық қорының құрылтайшысы Шолпан Айтенова бар.