Маңғыстау облысында V республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына іріктеу өтеді. Аталған байқауға өтінім қабылдау 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласы бойынша «Іскер әйел қауымдастығының» төрағасы Ирина Беляева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байқаудың мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеп, үгіт-насихат жүргізу. Сондай-ақ игілікті іс жасап жүрген жанашыр жандарды қоғамға үлгі ету.
Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген және өзгелерді игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
- Жеңімпаз лауреаттар үшін 7 номинация тағайындалған. Атап айтқанда: «Асар» номинациясы - салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға беріледі. «Туған жер» номинациясы - білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіруге, туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады. «Батыл жүрек» номинациясы - ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. «Мейірім жолында» номинациясы - белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға беріледі. «Қайырымдылық тарихы» номинациясы - әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналистке немесе шығармашылық ұжымға беріледі. «Бала жүрегі» номинациясы - төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен батырлығы және қайырымдылық іске қатысқаны үшін 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге беріледі. «Жануарға мейірім» номинациясы - жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін, жануарлар әлеміне қатысты мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттайтын лауреатқа беріледі, - деді Ақтау қаласы бойынша «Іскер әйел қауымдастығының» төрағасы Ирина Беляева.
Байқау туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан білуге болады.
- Жарыс жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, нағыз патриоттарды анықтайды. Ізгілікті ұран еткен байқауды «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры», Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «КТК» телеарнасы жүзеге асырады, - деді Маңғыстау облысы бойынша «Іскер әйел қауымдастығы» атқарушы директоры Динара Асанова.
Айта кетейік, 2021 жылы Маңғыстау облысы бойынша 40 адам қатысып, 2 адам номинация ұтып алған. Соның бірі Сайөтес ауылының мектеп оқушысы Азамат Тоқсанбаев. Ол өзінің байқаудан ұтып алған 1 000 000 теңге қаржысын, мектебіне керекті құрал-жабдықтар алу үшін жұмсаған. Кейіннен адамгершілігі жоғары бозбала «Бала жүрегі» номинациясына ие болған.