Ақтауда ақын Ханбибі Есенқарақызының «Ақжол» 25 томдық кітабы таныстырылды, -деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Кездесу 10 қыркүйек күні Yessenov университетінде өтті. Келген қонақтар Ханбибі Есенқарақызының еңбектерінен жасалған көрмені тамашалады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Yessenov университетінің ректоры Берік Ахметов қатысып, кеш иесін құттықтады.
- Біз Ханбибі Есенқарақызын ақын ретінде танитын едік. Оның ұзақ жылдар бойы ғылыми-ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметтермен де белсенді айналысып жүргенін сол еңбектерінің жемісін көргенде біліп отырмыз. Қаламгер үшін өз кеудесіндегі табиғат тарту еткен өнер-аманатын мүмкіндігінше халқына молынан жеткізу де – аз абырой, оңай жүк емес. Ал өзіне дейінгі ұлылардың ұлағатын ұлықтап, руханият жоқшысы болу – ерлік деп есептейміз. Әсіресе, ер азаматқа бергісіз әйел адамның мұндай тәуекелге барғанына тәнті болып отырмыз, - деді Берік Ахметов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығарманың қазақ елі үшін құндылығы өте жоғары.
Ханбибі Есенқарақызы бірнеше кітаптың авторы. Көп жылдары Оңтүстікте облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры қызметін атқарды. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды. Әнге айналған «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббат өмірлері» халық арасына кеңінен таралды.
Бүгін, 34 шағынаудандағы Достық үйінде 12 қыркүйек күні сағат 18:00-де Ханбибі Есенқарақызының «Мен - ақынмын, әйелмін, әлемді ойлар» шығармашылық кеші өтеді.