Борышкерлердің алимент төлеуі үшін оларға жұмысқа орналасу ұсынылады. Осыған орай, Ақтауда бос орындар жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қалалық прокуратурасына сілтеме жасап.
Тиімді мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын, алимент төлеу бойынша атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі.
Алимент қарызы бүгінде 316 миллион теңгеден асқан.
«Алимент төлеу» акциясын жүзеге асыру аясында 6 қыркүйекте Ақтау қаласының прокуратурасы мүдделі органдармен бірлесіп баланың құқығын қорғауға бағытталған ведомствоаралық кеңес өткізіп, оның қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.
Алимент өндіріп алудың тиімді шараларының бірі -борышкерлерді жұмысқа орналастыру.
Осыған орай, Ақтау қаласының прокуратурасы Маңғыстау облысының Әділет департаментімен және Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын жүзеге асырмақ. Соның бірі - 12 қыркүйекте сағат 15.00-де өтетін жәрмеңке.
Шараға қаланың 10-ға жуық кәсіпорны шақырылып, ұйымдастырушылардың бастамасын қолдайды.