Ақтауда облыстық балалар ауруханасында Ресейден келген балалар ортопед-дәрігері Константин Жердевтің жергілікті дәрігерлерге арналған шеберлік сабақтары өтуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дәрігердің Ақтаудағы сапары 9 қыркүйекке дейін жалғасады. Аталған шеберлік сағаттарын «Жұлдызай» қайырымдылық қоры «Мumkindik» тәлімгерлік жобасы аясында ұйымдастырып отыр.
– Жобаны жүзеге асыру барысында дәрігерлердің шетелге шықпай-ақ біліктілігін көтеруге мүмкіндік болуда. Ең бастысы ота жасауды қажет ететін балаларға тегін көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, көмек ерекше балаларға да болады, - дейді ұйымдастырушылар.
Біраз балалы аналар қазір облыстық балалар ауруханасында ота жасауды күтуде.
- Ұлым 7 айлық болғанда абайсызда қолын күйдіріп алды. Қазір жасы тоғызда, күйіктен кейін деформациясы қалды. Бес саусақ бірдей ашылып-бүгілмейді. Еліміздің түкпір-түкпіріне апардым, тек Ақтауда ғана көмектесті. Үш ай бұрын Ресейден дәрігерлер келді, ол кезде үш саусаққа ота жасаттық. Енді екінші отаны күтіп отырмыз. Жобаны ұйымдастырушылар мен дәрігерлерге алғыс айтқым келеді. Біз үшін бұл мүмкіндік - нағыз ғажап нәрсе болды, – дейді ауруханаға келген балалардың бірінің анасы Шолпан Есенқұлова.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік дәрігерлер Андрей Кольцов пен Ирэна Улановская, сондай-ақ олардың израильдік әріптесі, реаниматолог-неонатолог Дэнни Эйтан жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөліскен болатын.