Жаңаөзенде шешімін таппай келген қоқыс, санитария мәселесі әкімдік тарапынан заңда белгіленген тәртіппен тиісті шешімін табуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтема жасап.
Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері қала әкімінің бастамасымен Жаңаөзен қаласы және оған іргелес орналасқан ауыл-аймақтардың қоқысын шығару мен санитариялық тазалығына жауапты бірнеше серіктесіктердің келісім-шартқа сәйкес қызмет көрсету міндеттемелері сапалы әрі уақытылы орындалмауына байланысты олардың басшыларымен жиналыстар өткізілуде.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 18 тамызы күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбасаровтың төрағалығымен Жаңаөзен қаласындағы тазалық мәселесіне қатысты міндеттемелерін орындамай отырған «Тазалық –С» ЖШС өкілдерінің, қала әкімінің, азаматтық белсенділердің, Қоғамдық кеңес мүшелерінің, қалалық мәслихат депутатының қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізілді. Нәтижесінде серіктестіктің басшылығына келісім-шарт талаптарына сәйкес міндеттерін орындау жөнінде қатаң ескерту жасалды.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қаланың тазалығына, қоқыстардың уақытылы шығарылмауына қызмет көрсетуші серіктестіктердің ұжымында орын алған жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастарынан туындаған еңбек даулары да кері әсерін тигізген. Жұмысшылардың бір айға созылған ереуілі барысында қойылған талаптарын жергілікті атқарушы органмен серіктестік басшылығымен талқылау, қарау нәтижесінде қабылданған хаттаманың кейбір тапсырмалары күні бүгінге дейін «Тазалық-С» ЖШС тарапынан орындалмаған.
Әлеуметтік желідегі көпшіліктің пікірлерін ескере отырып, Жаңаөзен қаласының әкімдігі 2019 жылдың 10 маусымында 7 жыл мерзімге келісім-шарт негізінде сатып алу құқығынсыз «Тазалық-С» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинатын (полигонды) жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтару үшін Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірді.
Сот органдарының қабылдаған шешімі туралы алдағы уақытта БАҚ , әлеуметтік желі арқылы жаңаөзендіктер ақпараттандырылып отырмақ.