Ақтауда ерекше қабілеті бар жандар қызмет көрсететін "Апельсин" әсемдік салоны ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әсемдік салонының негізін қалаушы Құралай Байғалиева облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында жаңа жобаны сәтті жүзеге асырды.
Салонда қызмет көрсететін мүмкіндігі шектеулі жандар массаж, бет әрлеуші, косметологияның сан түрлі бағыты бойынша екі айға созылған қысқа мерізмді оқу курсын тәмамдаған.
Салтанатты іс-шараға атсалысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Ақтау қаласы әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа нысанның қызметіне табыс тіледі.
"Денсаулығындағы ақауға қарамастан, өмірге құштарлығы, еңбекке талпынысы нәтижесінде толыққанды қызмет етіп, табыс тауып жүрген жандарды үлгі тұтуымыз қажет",-деді Бекбол Орынбасаров.
"Шаш сәндеу кәсібімен 33 жылдан бері айналысып келемін. "Құралай" салонын күні бүгінге дейін жұмысын жемісті жалғап келеді. 2019 жылдан бері сөйлеу, есту-көру қабілеті бұзылған жандарға сәндік шаш үлгілерін жасаудың қыр-сырын үйретіп келемін. Алғашында әрине кедергілер кезікті. Уақыт өте мүмкіндігі шектеулі жандардың дені сау мамандармен теңдей сапалы қызмет көрсететіндігіне көз жеткіздім. Биыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында осы жобаны қолға алдым. Бастапқыда қысқа мерзімді оқу курсын ұйымдастырдым. Енді мінеки жаңа салон ашып, аталған курсты сәтті тәмамдаған шәкірттерімді жұмысқа қабылдап жатырмын. "Қазақ зағиптар қоғамының" облыстық филиалымен тығыз байланыстамын. Апельсин - жемісі мол мәуелі ағаш. Молшылық пен дәулеттің символы. Табысы мол, берекелі кәсіп болғай деген ниетпен осы атауды таңдадым"-дейді салон иесі Құралай Байғалиева.
Қазіргі таңда әсемдік салонында 10 зағип , 5 тілі мүкіс, есту қабілеті нашар жан қызмет етеді.
"Қызметкерлердің еңбекақысы сұраныс көлеміне байланысты. Тәжірибесі аз, әлі клиентурасы қалыптасып үлгермегендер пайыздық бағдарлама аясында жұмыс жасайды. Кейін жалдау ақысын төлеп, табысын артыру мүмкіндіге ие болмақ. Алдағы уақытта оқимын, жұмыс жасаймын деген жарымжан жандар болса, қолдау танытуға әзірмін",-дейді Құралай Байғалиева.
Салонда массаж қызметін көрсететеін ерлі-зайыптылар Берік Қожанияз бен Амелия Мұхамедова өз пікірмен бөлісті.
"Мен туабітті көру қабілетінен айырылған 1-топ мүгедегімін. Биыл 16 маусымнан бастап Құралай ханымның жетекшілігімен массаж курсына қатысып, арнайы сертификатымды алдым. Қазақ зағиптар қоғамының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Амангелді Мұхамедовтың кеңесімен оқу бағдарламасымен таныстым. Алматыдағы Н.Островский мектебінде білім алдым. Мектеп қабырғасында жүрген кезден еңбекке ерте араластым. 1992 жылдан бастап 2019 жылдан бері осы зағиптар қоғамында қызмет етемін. Осы күнге дейін түрлі салада, тіптен металл өңдеу цехында банкі жабатын қақпақтарды шығарумен де айналыстым. Енді міне жаңа кәсіпті игеруге бет бұрып жатырмын",-дейді Берік Қожанияз.
Амелия Мұхамедов Бейнеу ауданының тумасы. Туабітті зағип.
"Массаж өнерін меңгеріп жатырмын. Клиенттерім қолың жеңіл деп мақтайды",-дейді Амелия Мұхамедова.
Ал Әсел Балтурина есімді келіншек 2019 жылдан бері Құралай ханымның әсемдік салонында бет әрлеуші-визажист болып қызмет етеді. Төрт баланың анасы. Сөйлеу-есту қабілеті бұзылған кемтар жан сүйікті ісіне дән риза.
"Бұрын тігінмен айналыстым. Кейін бала күтіміне байланысты үйде отыруға тура келді. Бертін келе визажист курсын игердім. Нәзік жандыларға ерекше көңіл-күй сыйлау, қасын күзеп, бетін әрлеу, шаш үлгісін жасау өзіме ұнайды. Тұрақты клиенттерім бар. Күйеуім де шаштараз. Табысымыз әжептәуір. Ең бастысы ерінбей еңбек етудеміз",-дейді Әсел Балтурина.
Наталья Петренко ханым 25 жасында кенет көру қабілетінен айырылған. Тағдыр тәлкегіне мойымай, өмір жолында кезіккен қиындықтарды еңсере білген қажырлы жанның қабілетіне таңғалмасқа болмайды.
"30 жылдан астам уақыт 1-топ мүгедегімін. 1974 жылдан бері Ақтау қаласының тұрғынымын. Жасым 58-де. Негізі құрылыс техникумын тәмамдағанмын. Одан кейінгі кезеңде 1993 жылы Қазақ зағиптар қоғамының Маңғыстау облыстық филиалына қызметке тұрдым. Ол жерде 2019 жылға дейін жұмыс жасадым. Мінеки ендігі жерде массаж өнерін меңгерудемін. Құралай ханымға алғысым зор",-дейді Наталья Петренко.
"Апельсин" әсемдік салонының салтанатты ашылу рәсіміне ҮЕҰ, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты. Ал Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай болса, салонның тұрақты клиенті болуға уәде берді.