Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев Ақтау қаласының әкімдігімен бірлесе қаланы жылумен, газбен және сумен қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ соңғы уақытта берілген жер учаскелерінің заңдылығын талқылады.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде су және жылумен қамтамасыз ету мәселелері өткір тұр. Ақтау қаласы әкімінің айтуынша, егер қазандық салынбаса, облыс орталығы болашақта жылу энергиясының тапшылығына тап болуы мүмкін.
"Қазір ЖСҚ 100 Гкал-ға әзірленуде. Сараптама қорытындысын алу осы жылдың қазан айына жоспарланып отыр. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін бюджеттен қаражат сұралады", - деді Ақтау қаласының әкімі.
Сондай-ақ, 40гкал екі қазандықтың құрылысы жоспарлануда.
Бұл нысандар 18 және 32 шағынаудандарда салынбақ. Инвестор әлі анықталған жоқ.
Үкімет деңгейінде еліміздің тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер туралы мәселе бірнеше рет талқыланды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілін ұсынды. Ақтау қаласының әкімдігі бұл бастаманы қолдады.
Атап айтқанда, құрылыс салушылардан жылжымайтын мүлік сатып алу. Ақтауда 12 мың адам жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде тұр.
Кездесу барысында қала үшін басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Қорытындылай келе, Мәжіліс депутаттары осы түйткілді мәселелерді Үкіметке жеткізуге уәде берді.