Ақтаудағы «Жас қанат» стадионында футболдан «Маңғыстау құрамасы» мен «SC Jaidarman» командаларының арасында шоу матчы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Командалар арасындағы кездесудің басты мақсаты – республикамызға және өңірімізге танымал әр сала өкілдерін тарта отырып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл – күй сыйлау. «Маңғыстау құрамасында» өңірімізден шыққан әр саланың үздіктері жиналды. Олардың қатарында Әділбек Ниязымбетов, Ердос Жаңабергенов сияқты боксерлар мен «Каспий» футзал клубының бас бапкері Дінмұханбет Сүлейменов және танымал әнші Бауыржан Ретбаев болды.
«SC Jaidarman» құрамасының мүшелері Республиканың әр өңірінен жиналды. Олардың қатарында «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен, жайдарманның жұлдыздары «Назар аудар» мен «Аралас», өңірімізден шыққан «Барыстар» құрамасының мүшелері мен «Шабыт» және «Шатыр» командаларының ойыншылары өнер көрсетті.
Әзіл мен көтеріңкі көңіл-күйге толы болған тартысты матчта «SC Jaidarman» командасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.
- Тұңғыш ойынымызды киелі Маңғыстау жерінде бастадық. Көрермендер бұл бастаманы жақсы қабылдап жатыр. Әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсті. Биыл медиа-футбол қарқынды дамып жатыр. Қазіргі уақытта аймақтарда 10-ға жуық команда құрылып үлгерді. Ойынның басты ерекшелігі - спорттық іс-шара арқылы салауатты өмір салтын насихаттау және ең бастысы жақсы орта қалыптастыру, - деді Есен Елеукен.