Бұл туралы ауыл әйелдерінің форумында айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Форумның басты мақсаты - әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылдағы өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 750 133 адам тұрады, оның 446 675-і ауыл тұрғыны. Оның ішінде 223 481-і әйелдер.
2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Маңғыстау облысында 3023 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның ішінде әйелдер басқаратын 793 шаруа қожалығы тіркелген.
Олардың арасында ет, сүт өнімдерін өндірумен, балық өсірумен айналысатын кәсіпорындар, ұн тарту комбинаттары мен жылыжайлар бар.
"Ағымдағы жылы агро-өнеркәсіп кешені саласында 2,3 миллиард теңге сомасына 8 инновациялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, нәтижесінде 257 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олардың қатарында әйелдер басқаратын жобалар да бар. Олардың құны 600 миллион теңге. Тағы бір жобаны жыл соңына дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл - Мұнайлы ауданындағы "Сармурзина Әлия" жеке кәсіпкерінің 2 000 тонна азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған қоймасы. Нәтижесінде 12-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта өнімді сақтау үшін жалға алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екінші жоба – жеке кәсіпкер "Абудуллаева", Мұнайлы ауданында 1 гектар жылыжай кешені іске қосылды. Жобаның құны - 100 млн теңге. Жеке кәсіпкер "Миралиевтің" ет өнімдерін консервілеу бойынша үшінші жобасын жыл соңына дейін Қарақия ауданында жүзеге асыру жоспарланған", - деді форумда облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев.
Әйелдер басқаратын кәсіпорындар бүгінгі күні егіншілік, мал шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеу саласында жұмыс істейді. Әкімдік тарапынан бұл кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр.
Бұдан басқа, 2021 жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлінеді. Аталған бағдарлама әйелдер бастаған 79 жобаны "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы жүзеге асырады.
"2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кепілдік құралмен 744,4 млн теңге сомасына 31 жоба қамтамасыз етілді, 47 жұмыс орны құрылды. Қайтарымсыз негізде 45 әйел жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алып, өз ісін ашты. "Нұр Капитал" шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы аясында 161 жоба қаржыландырылды, несие сомасы 3,2 млрд.теңгені құрады, 1141 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 70 жобаны кәсіпкер әйелдер жүзеге асырды", - деді облыс әкімінің орынбасары.
Жыл басынан бері "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту" ұлттық жобасы аясында 8,6 мың әйел қатысушы болып танылды, оның ішінде 3,8 мың әйел - ауылдық жерлердің тұрғындары.
Облыс бойынша 67 адам 82,1 млн.теңгеге грант алды. Грант алғандар арасында - 45 әйел.