Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған құрылыс мекемесіне шұғыл түрде қоршауды қалпына келтіру жөнінде ескерту берілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына тұрғынның жолдаған сауалына жауап берген Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы облыс әкімдігінің телеграм каналына Ақтау қаласының 17 шағынауданында салынып жатқан «Жанболат» тұрғын үй кешенінің видеосын жүктеп, аталған жерде құрылыс алаңының қоршауы жоқ екенін айтып, неліктен қауіпсіздік ережесін сақтамайтынын сұрап сауал жолдаған. Тұрғынның сауалына жауап берген жауаптылардың айтуынша, «Жанболат» тұрғын үй кешенінің құрылысына тапсырыс беруші, мекеме басшылығына қоршауды қалыпқа келтіру бойынша ескерту берілген.
-Аталған мәселені құрылыс компаниясының өкілдеріне айттық. Салынып жатқан нысанның қоршауы шұғыл түрде қалыпқа келтірілетін болады, - дейді Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары.