Маңғыстау ауданында «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының ұйымдастырумен халықаралық мифолог, этнограф, ғалым Серікбол Қондыбайдың еңбектерін талқылаған тағылымды кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Тағылымды шара 12 шілде күні ұйымдастырылды. Шараға С. Қондыбай мемориалдық музейінің және аудандық жастар орталығының қызметкерлері қатысып, Маңғыстау өлкесінің тарихын талқылап, ата-бабаларымыздың адамзат тарихы мен рухани мәдениетіндегі шынайы рөлін ашып айтты.
-Серікбол Қондыбай бар болғаны 36 жыл өмір сүрсе де қазақ халқының тарихи санасын қалыптастыруда биік мақсат, ұлттық мүдде тұрғысынан қыруар жұмыс тындырған азамат. Сондықтан да, оның ғылымға, мәдени тарихымызға қосқан зерттеулері жоғары бағаға ие. Айрықша айта кетерлігі, Серікбол Қондыбай өзіне дейінгі ғалымдардың тісі бата қоймаған осы қиын да күрделі, терең де ауқымды мәселеге тайсалмай қалам тартты. Ғалым қазақ мифологиясының табиғатын ашу мақсатында оны тілдік құрылымы тұрғысынан зерттеудегі, атаулар мен есімдердің мифологиялық астары мен мазмұнын танудағы еңбегі өзінің жоғары бағасын ала білді, дейді шара ұйымдастырушылары.