Екі өңір арасындағы ішкі туризмді дамыту тақырыбында аймақ басшылары Ақтауда іскерлік кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өңіраралық туризм саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен “Anex tour” туристік компаниясы, “Rixos Khadisha Shymkent” пен Маңғыстаудағы “Rixos Water World Aktau” қонақ үйлері және “Garant Tour” туристік компаниясы мен “Aizhelken group” ЖШС арасында ішкі туризмді дамыту саласында ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойылды.
- Маңғыстау облысының бай мәдени-тарихи мұрасы бар. Мұнда орналасқан табиғи, мәдени және тарих ескерткіштер Маңғыстау түбегіне бірегейлік және жергілікті тұрғындар мен туристердің мәдени құндылықтарын қалыптастыруда артықшылық береді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамашылығымен «Жаңа Қазақстан – жаңғыру мен жаңарудың жолы» шеңберінде елімізде болып жатқан жаңа өзгерістер таяу жылдары туризмнің Қазақстандағы экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналуына және бұл саланың одан әрі дамуына оң әсерін тигізетіндігін атап өту қажет.
Аталған кездесу екі өңірдің арасында отандық туризм саласында өзара тиімді қарым-қатынастар географиясын кеңейтіп, дамытуда көптеген мүмкіндіктер беретіндігіне, сонымен қатар, туризм индустриясында шағын және орта бизнестің дамуына, туристік қоғамдастық арасында байланысты біріктіру мен нығайтуға оң ықпал ететіндігіне сенімдемін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Шымкент қаласының басшысы өз сөзінде Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі сақталған, қазақи қаймағы бұзылмаған бірегей өңірлер екенін ескере отырып, туризм саласында екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, ішкі туризмді дамыту, туристер легін арттыру жолында бірлесе жұмыс атқаратынын атап өтті.