Құрбан айт – әлем мұсылмандарының ең маңызды діни мерекелерінің бірі. Бұл мереке – Мекке қаласына жасалатын жыл сайынғы қажылықтың аяқталғанын білдіреді. Қайырымдылық және жомарттықтың нышанына айналған бұл күнді бәріміз асыға күтеміз.
Құрбан айт мал-мүлікпен жасалатын үлкен құлшылық ретінде жүзеге асып, өзге мүміндерге жасалған қайырымды істеріміз арқылы Алла Тағалаға деген шексіз сүйіспеншілігімізді, шүкіршілігімізді білдіріп, адалдығымызды дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Қасиетті Құранда: «(Шындығына келсек), құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да әсте Аллаға жетпейді. Оған сендерден жететін тек тақуалық қана» («әл-Хаж» сүресі, 37-аят), – деп айтылған.
Осылайша, құрбандық шалудың шынайы мағынасы төрт түлік малдың етінде емес, пенденің тақуалығы, шынайы сенімі мен Жаратушы Алланың разылығы үшін өз мүлкін құрбан етуге дайындығында жатыр.
Сонымен қатар, құрбандық шалу байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтықты азайтып, бауырластық пен достықтың байланысын нығайтады, адамдарды біріктіреді, себебі мереке күндері мұсылмандар жақсылық пен игі істер жасауға, садақа мен құрбандық етін таратуға асығады.
Жаратушы Алла Құрбан айт мерекесінің дәрежесін көтеріп, садақа таратып, туған-туыстары мен жақындарын зиярат етіп, марқұм болған ата-бабаларына Құран аяттарын бағыштап, жетімдер мен жесірлерге қарайласып, мұқтаждарға қамқорлық танытып, өзге де ізгі амалдарды көптеп істеген адамдардың дұғаларын қабыл етсін! Игі істер үшін еселеніп сауап жазылары сөзсіз, ең бастысы, асыл дініміз бұйырғандай әрбір адамға мерекенің қуанышын сезінуге мүмкіндік сыйлау.
Келіп жеткен Құрбан айт мерекесі баршамызға мүбәрак болсын. Бұл күндері қылған ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болып, шаңырақтарыңыз құт-береке мен төрлеріңіз ырыс-ынтымаққа толсын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын!
Әнуар қажы Ізімбайұлы,
Маңғыстау облысының бас имамы