Балабақшаға жолдама беру 2021 жылдың қазан айынан бастап «Indigo24kz» автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Ақтаулық тұрғынның облыс әкімдігінің телеграм каналына жолдаған сауалына жауап берген Маңғыстау облысы білім басқармасының мамандары мәлімдеді.
Желі қолданушысы қазіргі таңда балабақшаларға «Indigo24kz» сайты арқылы орын алу қиындап кеткенін айтқан. Маңғыстау облысы білім басқармасының өкілдері аталған мәселенің мән-жайын түсіндірді. Жауаптылардың айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру 2021 жылдың қазан айынан бастап «Indigo24kz» автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Соңғы бір айда осы жүйемен облыс бойынша 6659 жолдама берілді. Соның ішінде, Ақтау қаласындағы балабақшаларға 3619 жолдама берілген.
- Балабақшаларда бос орындар болған жағдайда «Indigo24kz» сайтына салынады. Бүгінгі таңда 2086 бос орын салынып тұр. Соның ішінде, Ақтау қаласы бойынша 548 бос орын көрсетілген. Сондай-ақ, ата-аналардан балабақшаға жолдама алып береміз деп жалған қызмет көрсетушілерге сенбеуін сұраймыз. «Indigo24kz жүйесінің қолданушысы тек қана ата-ана екенін хабарлаймыз. Жүйеге баланы кезекке қойған кезде автоматты түрде тіркелесіз және жеке кабинетіңізге ЖСН-іңізді енгізу арқылы кіруге болады, - дейді білім басқармасындағылар.