Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Өрттің шығу себептері - ток көздерінің қысқа тұйықталуы, өшпенділік мақсатта арнайы өрт қою және абайсызда өртке жол беру. Биыл өрттен екі адам қаза тапты. Бірі Түпқараған ауданы Аташ елдімекенінде қараусыз қалған үйдің жануы салдарынан болған өрттен ер адам қаза тапса, екіншісі Бейнеу ауданында «Лада гранта» маркалы автокөлігі өртеніп, ішінен 68 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Зардап шеекендер саны - біреу, Жаңаөзен қаласында «Hyundai Tucson» маркалы автокөлік жану кезінде ер адам зардап шеккен,-деді Нұрлан Жаңабаев.
Сондай-ақ брифингте Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов судағы қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 20 адам судан құтқарылды. Қазіргі уақытта шомылуға тыйым салынған 10 орын бар. Сондықтан жаз басталысымен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген.
- Суға шомылу маусымынан бастап қала мен аудандардың әкімдіктері қаза тапқан және зардап шеккен адамдардың статистикалық деректерін көрсете отырып, 4 тыйым салу белгісі мен 9 стенд орнатты. Осы кезеңде күнделікті патрульдеу арқылы 255 рейд жүргізілді, 8 мыңнан астам үгіт материалдары таратылды, 1137 волонтер тартылды, 6 брифинг, халықпен 2026 жиын өткізілді, радио арқылы 50 теледидарға 52 сөз сөйлеу өткізілді. Сондай-ақ облыстағы 14 объектіде, әуежайда және ТЖ вокзалдарындағы LED-мониторларда судағы қауіпсіздік тақырыбына бейнероликтер көрсетілді,-деді Нұрлыбек Айжарықов.
Айта кетейік, жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан Маңғыстау облысында 6 адам қаза тапқан.