Бүгін Ақтаудағы қала ішілік №2 маршрутқа 12 жаңа автобус берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Жолаушы Ақтау" ЖШС басшысының айтуынша, бүгін қатынай бастаған 12 автобус арқылы 56 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал күзде 16 жаңа автобус келсе, тағы 64 тұрғын жұмысқа алынбақ. 15 күндік режимде жұмыс істейтін жүргізуші — 240 мың, кондуктор 168 мың жалақы алады.
— Бұған дейінгі №2 автобустар ескі, салқындатқышсыз, жалпы ыңғайлылығы төмен еді. Бүгін қаламызға 12 автобус қолданысқа беріліп, №2 маршрут толығымен жаңарып отыр. Бұл көліктерді Қостанай қаласындағы "СарыарқаАвтоПром" мекемесінен сатып алдық. Салқындатқышы, дыбыс колонколары бар, ең бастысы жолаушылар қауіпсіздігі үшін 4 бейнекамерамен жабдықталған. 3 бейнекамера автобустың ішінде, 1-еуі сыртында орналасқан. Бейнекамералар облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей қосылады. Мүгедектердердің де мініп, түсуіне жағдай жасалған, — дейді "Жолаушы Ақтау" ЖШС басшысы Руслан Ахметнәбиев.
Бүгін 12 жаңа автобус қолданысқа берілсе, осы жылдың қыркүйек айында тағы 16 автобус келеді. Нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктер 100% жаңармақ.