Ақтауда жылына 2400 бұрандалы сорғы шығаратын зауыт іске қосылды. Өнім мұнай-газ секторында пайдаланылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, «Kazakh Invest «Ұлттық компаниясы» АҚ Еуропа елдері бойынша өңірлік директоры мен Франциядан келген «PCM Europe S. A. S» бірінші басшылары қатысты.
Аталған кәсіпорын жылына 2400 бұрандалы сорғы мен 600 жетек (привод) шығаратын болады. Жобаның құны - 5 млн еуродан асады. 10-нан 100-ге дейін жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Жоба облыстың мұнай-газ өнеркәсібі кәсіпорындарына өнімді өткізуге бағытталған. Аталған өндірісті іске қосу өңірге жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыру міндетін шешуге, жергілікті кәсіпорындарды өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірде ашылған зауыттың маңызы зор екеніне тоқталды.
- Өңірде экономиканы дамытудың басым бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және жаңартылатын энергетика болып айқындалған. Соңғы бес жылда өңірге 7 млрд. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылғанын атап өту қажет. Ағымдағы жылдың 5 айында өңірге 229 млрд.теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі – 101,0% (2021 ж. 5 айында - 216 млрд. теңге). 2022 жылы облыста шамамен 120 млрд. теңге сомасына 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров.
Алдағы уақытта бұрандалы сорғы шығаратын зауыттың өнімін жылына 1600 бұрандалы сорғыға және 400 жетекке(привод) дейін, тиісінше үшінші кезеңде жылына 2400 сорғы мен 600 жетекке(привод) дейін ұлғайту көзделген, бұл қосымша 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.