Бүгін Маңғыстауда жұмысшы мамандығының «Worldskills Kazakhstan 2022» VII республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш күнге жалғасатын өңірлік чемпионатқа 22 колледжден 388 студент және мектептен 50 оқушы, 12 балабақша тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Олар 77 мамандық бойынша бақ сынайды. Қазіргі таңда қатысушылардың жұмысын 420-дай сарапшы бақылап отыр.
Шараға қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев таланты да, талапты жастарға сәттілік тіледі.
- Адамзаттың біліммен, біліктілікпен, белсенділікпен бәсекеге түсетін заманда “Worldskills” жобасының мәні терең, мағынасы кең. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің даму жолында әр қазақстандық қашанда білім мен біліктіліктің озық үлгісін көрсету керектігін айтып келеді. Сіздер жоғары білім мен тәжірибенің арқасында Мемлекетіміздің ілгері қадам басуына сүбелі үлес қоса аласыздар. Маңғыстау облысында 27 колледжде 86 мамандық бойынша 2 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Сондықтан «Worldskills Kazakhstan 2022» кәсіби шеберлік чемпионаты да балаларымыздың таңдаған мамандығына шынайы құрметпен қаруына зор үлес қосады деп есептеймін. Осы чемпионатта кәсіби біліктілігін арттыруға ниет еткен студент-жастарымыз жеңіске жетіп, елдің абыройын халықаралық деңгейде лайықты қорғай берсін! Біз талантты да, талапты жастарды қашанда қолдауға дайынбыз! - деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кету керек, «WorldSkills» жобасы аясында Маңғыстау облысында балабақша тәрбиеленушілерін еңбекке баулу мақсатында 2021 жылдан бері “BabySkills Aktau” чемпионаты өткізіліп келеді. Ал биыл чемпионаттың ерекшелігі – өңірде алғаш рет жас ұрпақты ұлттық мәдениетке, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне, рухани және адамгершілік-этикалық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында “Dalaskills” конкурсы өтіп жатыр. Онда балалар матаға сурет салудан, «Ұлттық құрақ өнері», «Киіз өнері», «Ұлттық тағамдар» жасау бойынша сынға түсуде.
Өңірлік кезеңнен І орын алған жеңімпаздар «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатына жолдама алып, Нұр-Сұлтан қаласында сынға түседі.
Одан орын алғандар Қазақстанның атынан Ресейде, Белоруссияда өтетін “WorldSkills” ашық чемпионаттарында ел намысын қорғайды.