Өңірде әсіресе, жаз айларында ауызсу жетіспейді. Ресми мәлімет бойынша, қазір облыс тұрғындары тәулігіне 51 мың текше метр ауызсу тұтынады. Өңірдің өсу қарқынын ескергенде, 2025 жылға таман тәулігіне 250-260 мың тм су қажет болуы мүмкін. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімдігі 9 ірі жобаны жүзеге асырмақ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
1. «Каспий» су тұшыту зауытының қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге жетеді. Құны 12,6 млрд теңгелік жоба биыл аяқталады.
2. «Каспий» су тұшыту зауытының қуаты тағы 60 мың текше метрге артып, тәулігіне 100 мың тм су өндіретін болады. Бұл жоба биыл басталып, 2025 жылы іске қосылады. Болжамды құны – 25 млрд теңге.
3. Ақтау қаласында тәулігіне 20 мың тм су тұшытатын зауыт салынады (Алғашқы фаза тәулігіне 5 мың тм.). Жоба 2023 жылы пайдалануға беріледі. Болжамды құны – 4,0 млрд. теңге.
4. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағында тәулігіне 24 мың тм су өндіретін қондырғы салынады. 2021 жылы жергілікті бюджеттен ЖСҚ әзірлеуге 10 млн теңге бөлінген, 2024 жылы бітеді. Жобаның құны – 18,9 млрд. теңге.
5. Кендірлі ауылында қуаты тәулігіне 50 мың текше метрлік су тұшыту зауыты бой көтереді. Техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаны «ҚазМұнайГаз» АҚ 2022-2024 жылдар аралығында іске асырады. Бағасы – 87,8 млрд. теңге.
6. Форт-Шевченко қаласынан тәулігіне 5 мың тм су тұшыту қондырғысын салу жоспары бар. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Келесі жылы ашылады. Жобаға 7 млрд теңге жұмсалмақ.
7. Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр және С.Шапағатов елді мекендеріне тәулігіне 10 мың текше метр су өндіретін қондырғы орнатылады. Құрылысты 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның құны – 10 млрд теңге.
8. Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылында тәулігіне 80 мың текше метр су өңдейтін зауыт және су тартқыш салу көзделіп отыр. Оған «Төңірекшің» кен орнының жерасты суы пайдаланылады. Іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар. Жобаның құны – шамамен 90 млрд теңге.
9. «Қаражанбас» кен орнындағы тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытатын зауыт құрылысы биыл шілдеде аяқталады. Жобаны «Қазмұнайгаз» АҚ жүзеге асырады.
Қазіргі күні өңірде 2 зауыт су өндіреді: «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС - тәулігіне 52 мың тм, оның 44 текше метрі ауызсу; «Каспий» су тұшыту зауыты - тәулігіне 20 мың тм.