Ақтаудағы «Құтты мекен» тұрғын үй кешенінің қабырғаларын қалпына келтіру жұмыстары мердігер мекеме тарапынан жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналы хабарлады. Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері мәселені шешуге уәде берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысының айтуынша, 16-шағынауданда орналасқан «Құтты мекен» тұрғын үй кешені қасбетінің сылағы құлайын деп тұр. Тұрғын үй баспалдағының сапасы да сын көтермейтініне шағымданады. Кешен тұрғыны жауаптыларға шағымданып, аталған мәселелерді шешіп беруін сұраған.
Желі қолданушысының шағымына Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері жедел жауап беріп, мәселенің шешілу барысы туралы хабардар етті. Жауаптылардың айтуынша, «Құтты мекен» тұрғын үй кешеніндегі ақауларды мердігер мекеме өкілдері барып көріп, алдағы уақытта, олқылықтардың жойылатындығы, яғни қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетінін айтқан.
- Облыс әкімдігінің телеграм каналына «Құтты мекен» тұрғын үй кешенінің тұрғыны хабарласып, аталған үйдегі олқылықтарды жөндеп беруін сұраған. Тұрғынның мәселесі шешілді. Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын жүргізіп береді. Жалпы, облыс әкімдігінің телеграм каналы ашылғаннан бері 7212 сұрақ келіп түсті, оның 7174-не жауап берілді. Телеграм каналға 10 058 адам тіркелген, - деді МО ӘА «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ ақпарат және брифинг ұйымдастыру бөлімінің маманы Балнұр Нұрымқызы.