Биыл Ақтауда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері оқыту курсынан өткендердің ішінен қайтарымсыз грантқа 24 тұрғын өтініш беріп, оның 15-і мемлекеттік грантқа ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 200 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Олардың ішінде бүгінде тігін цехын, кондитерлік цех, наубайхана, сұлулық салоны, спорт және сурет секциясы, зергерлік бұйымдарды жасау сияқты бизнес жобалар бойынша грант алушылар өз ісін дөңгелетіп отыр.
- Биыл жыл басынан бері оқудан өткен 24 адам өтінім беріп, 15 азамат грант иегері атанды. Олардың ішінде жастар санаты бойынша 5 адам болса, осал топтан 10 адам бар. Грантқа ие болғандардың қатарында темір оюларын шығару шаруашылығы, «Kazaksha.brand» қазақша ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи стильде тігетін ателье секілді жобалар танылды. Олар мемлекеттен 400 АЕК көлемінде, яғни 1 млн 225 мың теңге ақшалай көмек алды. Дегенмен, қайтарымсыз мақсатта бағытталғанымен бір жыл бойы азаматтардың қаржыны мақсатты жұмсалуы бақылауда болады,- дейді Ақтау қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Айдана Елшібекқызы.
Айта кетейік, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған гранттар республикалық бюджет туралы Заңда белгіленген мөлшерде өтеусіз және қайтарымсыз негізінде бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын ұлттық жобаның қатысушыларына ғана беріледі.
Сонымен қатар, тұрғын халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген және тиісті әлеуметтік санатқа кіру керек.