1 маусымда Маңғыстау ауданындағы «Көгез-этноауыл» демалыс орнында ерекше білімді қажет ететін балаларға мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Шетпе психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен өткен салтанатты шараның негізгі мақсаты - ерекше балаларды қоғамда, ортада өнерге тарту арқылы белсенділіктерін арттыру. Балғындардың өзін құрметтеуге, жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу.
Жиынға аудан әкімі Тілек Көшмағанбетов қатысып, жиналған бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірді.
- Балалар еліміздің болашағы деп осы жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Ең алдымен осындай ерекше балаларымызды тәрбиелеп отырған ата-аналарымызға және де осы балаларға күлкі сыйлай білген Шетпе психологиялық-педагогикалық кабинетінің басшысы Шынар Ідірісқызы бастаған ұжымға ерекше алғысымды білдіремін. Осы мерекеде балаларымызға амандық, бақытты балалық шақ, ашық аспан тілеймін. Еліміздің мақтанышы болып, ата-анасының қуаныштары болсын, - деді Тілек Көшмағанбетов.
Салтанатты жиынға 81 ерекше бала қатысты. Бағдарлама аясында балақайлар ән айтып, би билеп, қойылым да қойды. Бүлдіршіндерге аудан әкімдігі мен «Шаңырақ» қоғамдық қоры арнайы сый-сияпат табыстады.
Сонымен қатар, Маңғыстау ауданындағы аналар кеңесінің төрағасы Түймеш Абдуллаева да балақайлардың мерекесіне өз үлесін қосты. Осылайша, төрт сағатқа созылған шарада балалар да ризашылығын білдіріп, керемет көңіл-күйде тарқасты.