© Талант ҚҰСАЙЫН
Жалпы 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-на сілтеме жасап.
Бұл туралы өңір басшының төрағалығымен өткен аппарат жиынында талқыланды.
Туризм басқармасының басшысы Данияр Өтешовтың айтуынша, Маңғыстау облысы Қазақстанның басқа аймақтарынан және алыс-жақын шетелдерден туристерді қабылдауға дайын.
Ағымдағы жылдың 5 айында көршілес елдерден келетін туристер санының артқаны байқалады. Ақтау халықаралық әуежайында енгізілген «Ашық аспан» режимі өңірде туризмді қарқынды дамытуға зор мүмкіндіктер береді.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін Ақтау халықаралық әуежайы арқылы облысқа 250 мыңнан астам туристер келсе, оның 186 мыңнан астамы ішкі және 63 мыңнан астамы халықаралық әуе қатынасы арқылы келген.
-Экологиялық туризмді, киелі жерлерді, мәдени туризмді дамыту - маңызды бағыт. Аталған бағыттарда туристік өнімдерді қалыптастырумен және ішкі туризммен айналысатын туроператорлармен өңірдің әлеуетін ілгерілету мақсатында 167 туристік маршруттар мен соқпақтар әзірленді. Өңірде туризм саласы бойынша 2022-2025 жылдар кезеңінде мыңнан астам жұмыс орындарын құра отырып, жалпы сомасы 100 миллиардтан астам теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Туризм саласындағы жобаларды іске асыру өңірге қосымша инвестициялар тартуға, жаңа туристер ағынының өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруды, салық аударымдарының түсуін қамтамасыз етеді, туризмнің бір ғана саласын ғана емес, экономиканың басқа да аралас салаларын дамытуға, сайып келгенде, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді,-деді Данияр Өтешев.
Нұрлан Ноғаев өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін айтты.
Сондай-ақ жиын барысында аймақ басшысы балалардың жазғы демалысын сапалы өткізу бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.