31 мамыр күні 7-ші сайланған облыстық мәслихаттың он екінші сессиясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия жұмысына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Әлімұхаммед Құттымұратұлы былтырғы облыстық бюджеттің игерілуі туралы баяндады.
2021 жылы халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге 250 млн.тенге бөлінді. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық базасын нығайтуға 811 млн.тенге жұмсалды.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 32 мың тұрғынға 2,1 млрд.теңге, сондай-ақ, атаулы күндерге 39 мың адамға 644 млн.теңге біржолғы көмек берілді.
Мәдениет және спорт саласына 11 млрд.теңге бөлініп, нәтижесінде спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдер саны 6%-ға өсті. Үкімет қабылдаған арнайы бағдарлама аясында жергілікті бюджет есебінен 6 мыңнан астам бала 127 түрлі шығармашылық үйірмеге, 4 800-ден астам бала спорттың 21 түріне тегін қатысуға мүмкіндік алды.
Өткен жылғы өңірдегі қуаңшылыққа байланысты жергілікті әкімдік резервінен 2,1 млрд.теңгеге 7,3 мың тонна жем және 12,7 мың тонна шөп сатып алынды.
Сонымен қатар, 733 шаруа қожалығы мен 6 716 жеке шаруашылықтың аналық мал басына жем-шөп сатып алу шығындарын өтеуге Үкімет резервінен 1,2 млрд.теңге бөлінді.
Жиын соңында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев депутаттардың бірлесіп жасаған нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен тапсырмалары негізінде облыста халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өттті.