Биыл Маңғыстауда 209 маманға тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие беріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Жеңілдетілген несие «Дипломмен ауылға» жобасы аясында берілмек. Былтыр 444 маман дәл осы жоба арқылы 129,5 млн. теңге бір жолғы көтерме жәрдемақы алған.
Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Балжановтың айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарласымен ауылға барған жастарға тағы да тұрғын үй алуға 1500 АЕК яғни, 4 594 500 теңгеге дейін бюджеттік кредит және 100 АЕК, яғни 306 300 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.
- Биыл 352 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы беру және 209 маманды тұрғын үймен қамту үшін жеңілдетілген несие беру жоспарланған, — деді Қуаныш Балжанов.
Айта кетейік, бұл бағдарлама 2009 жылдан бері бар. Жоба басталғалы облыста 2 мың жасқа көмек көрсетілген.