Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері құрамасында қару-жарақ, әскери және арнайы техника жазғы пайдалану режиміне ауыстырылып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іс-шаралар техника мен қару-жарақты жауынгерлік әзірлікте ұстау және олардың сенімді, үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Белгіленген мерзімде қару-жарақтың жай-күйін тексеру, анықталған ақауларды жою, әскери және арнайы техниканы сапалы дайындау қажет.
- 4-16 сәуір аралығында қысқы оқу кезеңі аяқталғаннан кейін бақылау тексерісі шеңберінде бөлімшелер ірі ауқымды оқу-жаттығуларға қатысты. Барлық техника жауынгерлік қолдану аудандарына ұсынылды. Ал теңіз жаяу әскерлері батальоны бронетранспортерлермен мемлекеттік шекараны күшейтуге шықты. Барлық маневрлердан кейін жеке құрам техникаға қызмет көрсетуге кірісті. Қазіргі уақытта броньды танк және зымыран-артиллериялық қару-жарақтың, сондай-ақ автомобиль және басқа техниканың 50% - дан астамы жазғы оқу кезеңіне дайын, - деді құрама командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары подполковник Аслан Нұржанов.
Қару-жарақ пен әскери техниканы дайындау барысында жауынгерлік машиналар паркінде жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын және өртке қарсы қорғанысты қатаң сақтауға ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету 25 мамырға дейін жалғасады. Іс-шаралар кешенінің соңғы кезеңі орындалған жұмыстардың сапасын тексерумен аяқталады.